1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы

ҚРҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың мәлімдемесі

2023 жылғы 24 ақпан, Астана

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!

Құрметті журналистер!

Қайырлы күн, Ұлттық Банкке қош келдіңіздер!

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешім кезекті болжамдық раундты өткізумен бірге қабылданды. Макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын жаңартумен қатар инфляция тәуекелдерінің балансын да бағаладық. 

Қабылданған шешім елдегі инфляциялық процестерді баяулатуға, орта мерзімді перспективада инфляцияны тұрақтандыруға және нысаналы мәндерге дейін төмендетуге ықпал ететін болады.  

* * *

Енді қабылданған шешімнің негізгі факторларына  тоқталып өтейік.

БІРІНШІ. АҒЫМДАҒЫ ЖӘНЕ КҮТІЛЕТІН ИНФЛЯЦИЯ ДИНАМИКАСЫ.

2023 жылғы қаңтарда жылдық инфляция, біз күткендей, өсуін жалғастырып, 20,7%-ды құрады. 25,7%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 20,2%-ға, қызметтер бағасының өсуі – 14,2%-ға дейін жеделдеді.  

Айлық инфляция биылғы қаңтарда 1,1%-ды құрап, төрт ай қатарынан баяулауын жалғастырды. Айлық инфляция төмендегеніне қарамастан, орташа тарихи мәндерден жоғары деңгейде қалыптасып отыр.   

Базалық инфляция әртүрлі бағалауларға сәйкес баяулағанына қарамастан, экономикада жоғары инфляциялық ортаның сақталуын көрсетті.

Елдегі инфляциялық процестер біраз тұрақталды. Бірақ жоғары ішкі сұранысқа, логистикалық және өндірістік тізбектердің қайта құрылуына, ынталандырушы фискалдық саясатқа, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты инфляция жоғары деңгейде қалыптасуда.

Инфляциялық күтулер 2022 жылдың желтоқсан айында тарихи ең жоғары деңгейге жеткеннен кейін қаңтар айында 17,3%-ға дейін төмендеді. Бағалау халықтың ағымдағы инфляциялық ортаны әлі де жоғары деңгейде сезінетінін көрсетіп отыр. Олардың төмендеу тренді әлі қалыптаспаған. Бұл инфляцияның тез баяулауына кедергі келтіреді.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКА ФАКТОРЛАРЫ.

Биылғы қаңтарда Қазақстанда нақты жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен жылғы төмен база себебінен 5,6%-ды құрады. Тауар өндірісі 2,3%-ға, қызмет көрсету саласы 7,6%-ға өсті. Барлық негізгі салалар бойынша оң динамика байқалуда, ең жақсы көрсеткіштер сауда (+ 19,4%), ақпарат пен байланыс (+ 18,1%), сондай-ақ құрылыс (+ 12,5%) саласында орын алды.

Инфляцияның айтарлықтай өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне қарамастан, тұтынушылық сұраныс әлі де оң қалпында қалып отыр. Тұтынушылық кредиттеудің өсуіне, жоғары инфляциялық күтулерге орай азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсуі сақталуда. Бұл азық-түлікке жатпайтын импорттың артуына әкеледі.

Қаңтарда негізгі капиталға инвестициялар 18,3%-ға (ж/ж) дейін өсті. Атап айтқанда, өнеркәсіпке қаражат салу көлемі 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлік операцияларында – 33,7%-ға, көлік пен қоймада сақтау саласында – 31,8%-ға өсті.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА.

Геосаяси жағдайдың айқын болмауы және азық-түліктің жоғары бағасы – сыртқы ортаның негізгі проинфляциялық факторлары болып қалды.

Дегенмен сыртқы инфляциялық орта жақсара бастады. Көптеген елдерде, оның ішінде, Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляциялық процестердің баяулағаны байқалады. Бұған шикізат пен тауар нарығындағы қысымның төмендеуі мен тауар жеткізу тізбектері жағдайының жақсаруы ықпал етіп отыр.

Жалпы алғанда, жаһандық инфляция одан әрі төмендейді деп күтілуде. Бұған астық өнімінің мол алынуы, астық мәмілесін сақтау нәтижесінде астық бағасының төмендеуі және әлемдік экономикадағы өсудің баяулауы ықпал ететін болады. Нәтижесінде, бұл Қазақстандағы бағаларға да қысымның әлдеқайда әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Соған қарамастан, алдағы екі жылда көптеген елде инфляция нысаналы таргеттен жоғары болады. Осыған  орай сыртқы монетарлық жағдай қатаң қалпын сақтап, көптеген елдегі экономикалық белсенділікті тежейтін болады.   

Әлемдік мұнай нарығында қалыпты оң динамика күтіледі. Әлемдік сұраныс 2023 жылы рекордтық деңгейге дейін артады деп күтілуде. Пандемиядан кейін экономиканың ашылуына байланысты Қытай сұраныстың өсуіне ең үлкен үлес қосатын болады. Болжам бойынша, Ресейде мұнай өндіру ең алдымен, эмбарго мен мұнай өндірудің ерікті түрде қысқаруына байланысты азаятын болады. 

Базалық сценарийге сәйкес, Brent маркалы мұнай бағасының 2023 жылы қазіргі деңгейден 1 баррель үшін 90 долларға дейін біртіндеп көтеріледі деп болжанып отыр. Биыл мұнайдың орташа бағасы 1 баррель үшін 87,7 долларды құрап, 2024 жылы 85 долларға дейін біртіндеп төмендейді. Оптимистік сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 1 баррель үшін 110 доллар, ал пессимистік сценарий кезінде 1 баррель үшін 50 долларды құрайды.

* * *

Жаңартылған болжамдарға көшейік.

Жаңа сценарий шарттары мен сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, инфляция болжамдары біршама төмендеу жағына қайта қаралды. Мәселен, біздің болжамымыз бойынша, жылдық инфляция 2023 жылы 9-12%, 2024 жылы 6-8% және 2025 жылы 4-6% шегінде қалыптасады. 2023 жылы Қазақстандағы фискалдық ынталандыру мен сауда әріптес елдердегі инфляцияның динамикасына қатысты белгісіздік болжам ауқымын кеңейтті. Өткен жылғы базаның әсерінен жылдық инфляцияның ең жоғары шегі биылғы бірінші тоқсанда өтеді.

Инфляция болжамдарының жақсаруы ФАО-ның дәнді дақылдарға қатысты индексінің болжамды төмендеуіне, Қазақстандағы астық өнімінің мол алынуына, теңгенің нақты айырбастау бағамының нығаюына, сондай-ақ алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда миграциялық шоктың көрсетілетін қызметтерге ұстамды әсеріне байланысты.

Қазақстан экономикасының өсуінің болжамдары да жақсарды. Алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің 3,5-4,5% деңгейінде өсуі күтілуде. Болжамдар мұнайды өндіру мен экспорттау бойынша күтулердің жоғарылауына байланысты қайта қаралды. Оған сауда әріптес елдер экономикаларының біртіндеп қалпына келе бастауы себеп. Ішкі сұраныстың тұрақты өсуі мемлекеттік ынталандыру шығыстарымен және мұнайдың қолайлы бағасымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, фискалдық ынталандыру аясында импорттың оң динамикасы мен тежеуші нақты мөлшерлеме ішкі сұраныстың өсуін ішінара ұстайтын болады.

Жалпы ішкі өнім болжамының тәуекелдері біздің экспорттың жеткізу жолдарындағы көлік-логистикалық проблемаларынан, сондай-ақ мұнай өндіру жоспарын іске асырудан туындауы мүмкін.

Төлем балансының ағымдағы шоты шикізат бағасының болжамды қысқаруына және импорттың тұрақты өсуіне қарай өткен жылдың профициттік аймағынан 2025 жылдың соңына қарай біртіндеп дефицит аймағына ауысатын болады.

Базалық сценарий бойынша ағымдағы шоттың профициті 2022 жылғы 6,3 млрд доллардан 2023 жылы 131 млн долларға дейін айтарлықтай қысқарады. 

Алайда, мұнайды экспортқа нақты жеткізу мен оны ресми статистикада көрсету арасында үш айға дейін кешіктіру уақыты бар. Осы айырмашылықты ескерсек, іс жүзінде профициттің қысқаруы басқаша болады. Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, ағымдағы шоттың кешіктірілуіне түзетілген профицит 2022 жылғы 6,1 млрд доллардан 2023 жылы 2,2 млрд долларға дейін қысқарады.

Базалық сценарий кезінде тауар экспорты деңгейін мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы қолдайды. Тауар импорты өсуді жалғастырып, біздің болжамымыз бойынша, тарихи максимумдардан асады. Импорттың арту деңгейі халық пен бизнестің сұранысын қамтамасыз етуге ішкі өндірістің жеткіліксіздігіне, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға байланысты.

Сыртқы орта болжамының тәуекелдері геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен азық-түлікке әлемдік бағаның жоғары болуына байланысты сақталып отыр. Сыртқы ортаның инфляциялық тәуекелдері мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуіне, рубльдің әлсіреуіне және санкцияларға қатысты Ресейдегі инфляцияның айлық көрсеткіштерінің жеделдеуіне байланысты.

Ел ішіндегі проинфляциялық факторлар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының реттелетін қызметтеріне тарифтер мен жанар-жағармай нарығындағы уақыты келген реформаларға байланысты. Осы реформаларды іске асыру әсері тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына бағаның өсуін жеделдетуі мүмкін. Бұл факторлар базалық сценарийдің алғышарттарында көрсетілмегенін атап өтемін. Сондықтан, тәуекелдердің болашақта іске асырылуы біздің болжамымызды өзгертуі мүмкін.

Ұлттық Банк ағымдағы жағдайларды ескере отырып, 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұру қажет деп санайды. Бұл инфляцияны тұрақтандыру және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендету үшін қажет.   

* * *

Құрметті журналистер!

Ұлттық Банк инфляциялық қысымды төмендетуге және бағаның өсу қарқынын баяулатуға бағытталған ақша-кредит саясатын жалғастырады.

Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге сәйкес базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауды жалғастырамыз

Қабылданған шешім факторлары, инфляция болжамдары мен тәуекелдері туралы толық ақпаратпен 6 наурызда жарияланатын ақша-кредит саясаты туралы баяндамада танысуға болады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2023 жылғы 7 сәуірде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

498.55 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға