1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

ҚҰБ монеталары сатылатын интернет-дүкеннің жаңартылған нұсқасын іске қосу туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі монеталар сатылатын интернет-дүкеннің жетілдірілген нұсқасы 3 ақпанда тәжірибелік қолданысқа беріле бастайтынын хабарлайды. Сайтқа kazcoins.nationalbank.kz платформасы арқылы өтуге болады.

Интернет-дүкеннің жаңартылған нұсқасында пайдаланушының функционалдығын кеңейту, киберқауіпсіздік, платформаның ақпараттық жүйесін бақылау, пайдаланушыны тіркеу шарттарын өзгерту тұрғысынан опциялар жетілдірілді. Енді авторизация жеке электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Интернет-дүкенге жүргізілген жаңартулар сайттың IT-инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайту арқылы қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығын арттырады. Барлық сатып алушы үшін монета алудың ортақ шарттары мен ережелерін сақтай отырып, жалған тіркеулік жазбалардың жасалуына жол бермей, интернет-боттар мен DdoS-шабуылдардан қорғануға жағдай жасайды.

Сайт тәжірибелік қолданысқа берілген кезеңде пайдаланушылар интернет-дүкен арқылы сатылымға шыққаны бұған дейін хабарланған коллекциялық күміс монеталарды сатып ала алады. Олар – «TILASHAR» және «SEMEI IADROLYQ POLIGONYNYN JABYLGANYNA 30 JYL», сондай-ақ бағалы емес металдардан жасалған «JAMBYL. 175 JYL», «TILASHAR», «ROZA BAGLANOVA. 100 JYL» және «Теңгеге 25 жыл» коллекциялық монеталары.

Сонымен қатар, жаңартылған нұсқада сатып алушы монета сатып алатын Ұлттық Банктің аумақтық бөлімшесін де таңдай алады. Алайда, интернет-дүкеннің тәжірибелік қолданысқа берілген кезеңінде монеталарды 5 аумақтық филиалдан сатып алуға болады. Осы кезең аяқталғанда монеталарды интернет-дүкен арқылы әрі қарай өткізуге ҚҰБ-тың қосымша аумақтық филиалдары қосылады. Сол кезде логистика оңтайландырылып, тауарды жеткізу мерзімі қысқарады. Сондай-ақ, платформада сатып алуға болатын монеталардың түрлері мен саны да көбейтіледі. Бұл ретте сату бағасы жоғары тұратын қымбат металдардан жасалған коллекциялық монеталарды өз қолымен алып кету опциясы да ұсынылады.

Интернет-дүкеннің жаңартылған нұсқасы арқылы монеталарды сатып алу туралы толыққанды нұсқаулықпен мына сілтемеге өтіп танысуға болады:

Сондай-ақ бейне-нұсқаулықпен де таныса аласыз: https://nationalbank.kz/kz/page/kazcoins-user-manual. Интернет-дүкеннің жұмыс істеуіне қатысты сұрақтар 1477 және +7 (727) 258 11 97 (Beeline абоненттері үшін) телефондары арқылы ҚҰБ-тың байланыс орталығында қабылданады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға