1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Ұлттық Банкі телефон-алаяқтары жаңа айла ойлап тапқанын ескертеді

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді және азаматтардың қаражатын сақтандырумен айналыспайды

Қазақстан Ұлттық Банкі жасанды интеллектті қолданушы алаяқтардың көбейіп келе жатқанын ескертеді, онда олар өз құрбанының туысы, жақын адамы немесе танымал медиа-тұлға болып дауысын салады.

Адамның шынайы дауысын пайдалану үшін қаскөйлер мессенджерлердегі (WhatsApp, Telegram және т.б.) аккаунттарды бұзып, дауыстап айтылған хабарламаларды көшіріп алып, оларды нейрондық желіге жүктейді, не болмаса дауыс өзгертетін технологияларды қолданады. Кейін смартфон иесінің дауысы ақша жіберуді сұрайтын өтінішке айналып, дауыстық хабарлама түрінде жіберіледі, тіпті сол адамның атынан мәтінмен де келуі мүмкін.

Смартфонға бұзып кіру үшін алаяқтар ұялы байланыс операторының техникалық қолдау қызметінен деп қоңырау шалып, телефонға келген кодты айтуын сұрайды. Зиян тигізетін сілтемелер балалар байқауына дауыс беру немесе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда сауалнамаға қатысуға шақыру түрінде де жіберілуі мүмкін.

Содан кейін айласын асыруға кірісетін қаскөйлер алаяқтыққа көшіп, адамдардан ақша алу үшін туысының, әріптесінің, танысының, қандай да бір медиа-тұлғаның атынан байланысқа шығады.

Жасанды интеллекттің әртүрлі құралымен мессенджерлерде «күштік құрылым өкілдерінің» (ҚР ІІМ, Бас прокуратура және т.б.) атынан бейнеқоңырау шалып, азаматтарды Қазақстан Ұлттық Банкімен «бірлесіп жасалатын» төлем операцияларына қатысуға үндейді. Әңгіме барысында резервтелген ұяшықтың немесе брондалған қаражаттың қағаздары деп Ұлттық Банктің атынан жалған құжат ұсынады. Азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған құжаттарда мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың «уәкілетті адамы» қойған қолы мен оның аты-жөні және басылған мөрі көрсетіледі.

Ұлттық Банк мобильді телефонды бұзып кіруге жол бермес үшін күдікті сілтемелерге өтпеуге, телефонға келген код пен парольді ешкімге айтпауға және жібермеуге кеңес береді. Ескеріңіз, Ұлттық Банктің қызметкерлері мессенджер арқылы аудио/видеоқоңырау шалмайды. Банк қызметкері болып қоңырау шалған адаммен арадағы әңгімені үзіп, қандай да бір шараға немесе төлем операцияларын жүргізуге қатысудан бас тартыңыз.

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске саламыз.

Егер сіз немесе танысыңыз алаяқтың құрбаны болса, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге, арыз жазуға кеңес береміз.

Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына да хабарласуға болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға